«Назарбаев емес, Несағаң еді»: Белгілі айтыскер Әнұранның қосалқы авторы кім екенін айтты
Айтыстың бұрынғы сөзіне аз-маз өзгеріс енгізіп, бүгінгі кезеңге лайықтаған Назарбаев емес Несағаң еді. Оны көзі тірісінде өзі талай айтқан, айналасы да біледі!!
Белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла өзінің facebook-парақшасында Әнұранның қосалқы авторы Нұрсұлтан Назарбаев емес, ақын Несіпбек Айтұлы екенін жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«АҚИҚАТ ТҮБІ АЙТЫЛУЫ ТИІС»
Осы тақырыппен жариялаған жазбасында айтыскер Айтұлы көзі тірісінде бұл туралы өзі айтқанын, айналасындағы адамдар да білетінін жеткізді.
Егер Әнұранның қазіргі мәтініне міндетті түрде қосалқы автор аталуы керек болса, ол Несіпбек Айтұлы болуы тиіс. Өйткені бұрынғы сөзіне аз-маз өзгеріс енгізіп, бүгінгі кезеңге лайықтаған Назарбаев емес Несағаң еді. Оны көзі тірісінде өзі талай айтқан, айналасы да біледі!!
P.S Көшпенділер ойынын эфирден көріп отырып есіме түсіп кетті… – деді Бауыржан Халиолла.
Осылай деген ол Жұмекен Нәжімединов 1956 жылы жазған алғашқы және қазіргі нұсқасын жариялады (Жамал апай да осы сөзбен орындаған):
МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Думанды бастады,
Далама қарашы.
Кең екен Жер деген,
Жерге гүл шықты ғой,
Дән егіп терлеген
Қазағым мықты ғой.
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім.
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Айнала қарасам,
Асықты жүрегім.
Заманға жарасам,
Жарасып тұр елім.
Біздің ел Орденді
Көтерді туларын,
Желмен ол тербелді,
Тербеле жырладым.
Қайырмасы:
Сағымды далам бар,
Сабырлы көлім бар.
Қараңдар, жараңдар
Осындай елім бар.
Қарсы алған уақытты
Ежелгі досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
ҚАЗІРГІ НҰСҚАСЫ:
МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Жұмекен Нәжмеденовтің «Менің Қазақстаным» өлеңіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың әні елу жылға жуық уақыт халық арасында кеңінен танымал туынды ретінде шырқалып келді. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы және ән мәтініне енгізген өзгертуілері бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда «Менің Қазақстаным» Парламентте Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді. 2006 жылы 11 қаңтарда Назарбаевты салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Осы сәттен бастап «Менің Қазақстаным» Қазақстанның Мемлекеттік Әнұраны ретінде ресми салтанатты жиындарда шырқалып келеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?