«Ешкімге күш салмадым»: Нұркен Әшіров Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры қызметінен кетті
Нұркендей дарындар көшеде шашылып жатқан жоқ. Нұркенді орнына қалдыру туралы Президентіміз Қ.Тоқаевқа жазған ұжымның хаты еш нәтиже бермеді.
Нұркен Әшіров Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры қызметінен кетті. Бұл туралы Әшіровтің өзі facebook пaрaқшaсындa жазды, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
«Бүгіннен бастап Құрманғазы атындағы консерваториядағы қызметімді тапсырдым, яғни, босадым.
Қадірлі консерватория ұжымы! Құрметті әріптестер! Соқа басымның қамы үшін ешкімге күш салмадым, салмаймын да. Бірақ, сонда да соңғы кезде орын алған жағдайларда Мен сіздердің тараптан еш қолдау күтпесем де, сұрамасам да, бұғып қалмай, жаппай тәуекелге бара отырып, Президентке дейін хат жазып, жұртқа үндеу жариялап, азаматтық пікірлеріңізді ашық айтудан тайсалмадыңыздар! «Ерім деген ел болмаса, елім дейтін ер болмайды» дегендей, азаматын қорлатпайтын, намысшыл, турашыл, текті ел екендеріңізді, бар екендеріңізді көрсетіп, ынжықтық пен бейшаралықты ысырып тастап ерледіңіздер! Жаңа әділетті Қазақстанның, демократиялық ашық қоғамның бастауы Сіздерде екенін аңғарттыңыздар! Үлгісіздер!
Баршаңызға басымды иіп, шексіз алғысымды айтамын!», - дeп жaзғaн өзiнiң facebook пaрaқшaсындa.
Нұркен Әшіровтің ректорлықтан кетуі консерватория қызметкерлері арасында үлкен қарсылық тудырып жатқанға ұқсайды. Көбі оның басшылық қызметтен қуғындалғанына қарсылық білдірген. Дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісованың жазуынша, консерватория қызметкерлері Нұркенді орнына қалдыруды сұрап ел Президенті Тоқаевтың атына ұжымдық хат та жазған. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған.
«Осыдан бір айдай бұрын шамасында осы әңгімені естіп, небәрі 6-7 ай жұмыс жасатып, орнынан алатындай не себеп болды екен деп, істің мән-жайын білгіміз келді. Әрі Нұркендей дарындар көшеде шашылып жатқан жоқ.
Қасиетті қара шаңырақты қазақтың қара домбырасын сөйлеткен осындай жастар басқару қандай жарасымды еді!
Нұркенді орнына қалдыру туралы Президентіміз Қ.Тоқаевқа жазған ұжымның хаты еш нәтиже бермеді.
Керісінше, Мәдениет министрлігінен арнайы комиссия келіп, бізді тексеріп кетті. Оның қорытындысы осы болды.
Консерватория ректорын орнынан алып жатқан кезде, Астанадағы өнер университетінің ректоры, дарынды опера әншісі Азамат Жылтыркөзовті де орнынан алған. Орнына әкелген адамды ұжым қабылдамайтын болған соң, Жылтыркөзовті қайта отырғызған. Соңы не болғаны әзірге белгісіз.
Бізге белгілісі, консерватория ректоры орнынан кетті. Жай кетпеді, онымен бірге проректор, кеңесші, заңгер, т.б біраз мамандар кетті.
Жаңа ректормен кімдер келеді?
Ол қандай саясат жүргізеді?
Оны жақын күнде еститін боламыз», - деп жазған ол өзінің парақшасында.
Осылай деп атап өткен шын дарындардың қуғындалып жатқанына қынжылыс білдірген.
Сіздің реакцияңыз қандай?