«Екі миллион теңге»: Елімізде сәби саудасы тыйылмай тұр
Былтыр елімізде адам саудасының 19 фактісі тіркелді.
Осы жылы Қазақстанда жаңа туған нәрестені саудалау бойынша үш жағдай тіркелген. Бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, былтыр елімізде адам саудасының 19 фактісі тіркелді.
«Бүгінде қозғалған істердің дені аяқталды, сәби саудасы үшін шамамен 16-17 адам жауапқа тартылды. Биыл нәресте саудасы бойынша үш факті тіркелді. Мұның бәрі өз еліміздің ішінде болған»,- дейді Қожаев мәжіліс кулуарында.
Осы орайда ол адам саудалайтындар бір сәби үшін қанша ақша сұрайтынын айтты.
«Бір сәби үшін 100 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін барады», - деді ІІМ басшысының бірінші орынбасары.
Заңнамаға сәйкес, бала саудасы үшін 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Мәжілісте адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы заң қабылданды. Қылмыстық кодекске жаңа санат – адам саудасымен байланысты қылмыстар енгізіледі.
Сонымен қатар жаңа заңда адам саудасына байланысты қылмыстарға қатысушылардың татуласу мүмкіндігі алынып тасталады. Бұған қоса жаңа туған нәрестені тастап кеткені туралы хабарламағаны үшін медициналық ұйымдар мен балалар үйінің қызметкерлері әкімшілік жазаға тартылады.
Сіздің реакцияңыз қандай?