Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет - Мемлекет басшысы

Қыркүйек 2, 2024 - 11:20
Қыркүйек 2, 2024 - 11:34
Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет - Мемлекет басшысы
Фото: akorda.kz

Дәл қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік телеарналардан «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатыр, деп жазады Sadaqmedia.kz ақпарат порталы. Бұл жолғы Жолдау Парламент палаталарының жаңа бірлескен залында өтуде.  Жиынға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтай, Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, қоғам өкілдері және еңбек ұжымдары қатысып отыр.

Президент шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі шешімін тапқан жоқ деп баса айтты.

«Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды»,- деді Тоқаев. 

Жолдау барысында Мемлекет басшысы нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей келе жатқанын айта келе, Банктер туралы жаңа заң керегін жеткізді. 

Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды.  Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс», - деді Президент.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow