Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшылары бас қосты
Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуеті дәйекті түрде артып келеді. Қазіргі таңда бұл Парсы шығанағындағы елдерге шығатын ең төте жол саналады.
Бүгін Астанада Орталық Азия елдері көшбасшыларының Консультативтік кездесуі болып өтті.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы осы уақытқа дейін өткен Консультативтік кездесулердің нәтижесі аймақтық ынтымақтастыққа жүйелі, жан-жақты әрі, ең бастысы, сенімді сипат беріп, бұрын-соңды болмаған деңгейге шығарғанын айтты, деп хабарлады sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
«Бірлескен күш-жігердің арқасында жылдар бойы қордаланған мәселелер шешіліп жатыр. Аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдануда. Шекара, сумен қамтамасыз ету, миграция мәселелері жоспарлы түрде реттеліп, өзара саудадағы көптеген кедергілер жойылды. Шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылып жатыр. Көлік қатынасының мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа бағыттар ашылуда. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Орталық Азия қашанда бірегей өркениеттер тоғысқан аймақ болған. Оның жалпы әлемдік прогресте атқаратын рөлі зор. Бүгінде ортақ тарихымыз бен халықтарымыздың дүниетанымының ұқсастығына арқа сүйеп, Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырамыз. Оны келешекке ұмтылатын әрі мол мүмкіндіктер мекені ретінде танытамыз. Бұл саммит осы жолдағы маңызды белеске айналатынына сенімдімін», – деді мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азия Іскерлік кеңесін құру туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді.
«Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі, «Бір жол, бір белдеу» секілді бастамалардың маңызы айрықша. Бұл жобаларға Орталық Азиядағы барлық елдің белгілі бір деңгейде қатысы бар. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржол магистралінің әлеуеті дәйекті түрде артып келеді. Қазіргі таңда бұл Парсы шығанағындағы елдерге шығатын ең төте жол саналады. Сонымен қатар Оңтүстік Азия нарығына шығу үшін Ауғанстан арқылы теміржол салудың келешегі зор деп есептейміз. Қазақстан өзінің көлік-транзит саласында ауқымды жұмыс атқарып жатыр. 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жаңғыртып, жаңадан 5 мың шақырым теміржол салуды жоспарлап отырмыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылай деп атап өткен Тоқаев президенттерді Орталық Азияның қауіпсіздік, ынтымақтастық және өркендеу кеңістігі болып қалуы үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруға шақырды.
Сіздің реакцияңыз қандай?