Ашаршылықта інісі әпкесін сойып жеуге мәжбүр болған

Мамыр 30, 2024 - 09:22
Мамыр 30, 2024 - 10:24
Ашаршылықта інісі әпкесін сойып жеуге мәжбүр болған
фото: alashorda.kz

Ақтөбе облысына қарасты Алға ауданында 1906 жылы дүниеге келген Ғалым Ахмедов 1930-1938 жылдары Жамбыл облысында қызмет етеді. Нақтырақ айтсақ ол Әулие-Ата қаласындағы ауыл шаруашылық техникумында директор, Жамбыл қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан КП Орталық комитетінде нұқсаушы болып жұмыс істейді. Аталған азамат Тұңғышбек Байқұловтың «Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық» кітабында Жамбыл облысындағы ашаршылық туралы жан түршігерлік оқиғаларды естелік ретінде жазған екен.

***

Бір күні егіс басынан ауылға қарай келе жатыр едім, алдымнан ауылдық кеңестің төрағасы кездесті. Аман-саулық сұрасқаннан кейін: «Анау шеткі ауылда тағы біреу адам етін жеді деген хабар естіп соған бара жатыр едім, жақсы кездестің, жүр, екеуміз барып біліп қайталық» деді.

Ауылдың шетіндегі үйлердің көбі қараң қалған, бір жан не бір мал жоқ, тіпті иттер де қаңғып кеткен. Қоралардың төбелері ашық, қабырғалары құлаған, баяғы Шыңғыс жорығының іздері сияқты. Шеткерірек бір үйге бардық. Үйге кіріп келгенімізде үй іші моладай ызғарлы екен. Аласа ғана қазақ үйінің оң жақ іргесіне таман кір көрпе сияқтанған бірдеңеге оранып жасы отыздар шамасындағы бір жігіт жалғыз жатыр. Сақалы өскен, екі жағы суалған, көздері үңірейген. Үйде іліп алар зат жоқ, бәрін қалаға сатып-ішіп болған. Аман-саулық сұрасқанда жігіт әлсіреп әрең жауап берді. Ауылкеңес төрағасы егде тартқан, оқымағанымен тоқығаны бар, ақыл иесі адам болатын. Әлгі жігіттен: «Біз бір хабар естіп келіп отырмыз, сендерді адам сойды дейді ғой, рас па?» дегенде, ол азар да безер болып: «Құдай сақтасын, ондайды естіген де, көрген де жоқпыз» деп танды. Төраға жігіттің атын атап: «Әй, пәленше, өзіңнің жатқан түрің мынау, құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып қайтесің, шыныңды айт. Ашыққан жалғыз сен емес, елге келген ауыртпалық қой. Біз сені айыптағалы отырғанымыз жоқ, анығын білейік деп едік. «Тоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді» деген бұрынғыдан қалған сөз бар, кәне кімді сойдыңдар, айта қойшы?» дегенде, әлсіреп жатқан жігіт біраз күмілжіп үзіле сөйлеп: «Сондай бір іс болды, отағасы, қайтейін, басқа амалым қалмады» деді жыламсырай кемсеңдеп.

Болған оқиғаны жігіт деміге сөйлеп айтып берді. Бұл жігіттің ертеде басқа жаққа ұзатылған әкпесі аштықтан қаңғып төркініне келеді. Төркінінің бәрі аштан өліп, жалғыз осы інісі қалған екен. Үйдегі бар азық-түлік қанша үнемдегендерімен де таусылады, енді талғажау қыларлық ештеңе қалмайды. Сөйтіп отырғандарында қаладан бір баукеспе ұры ағайыны келіп қонады. Жейтін дәнеңе жоқ, бәрі де аш жатады. Ертеңгісін әкпесі ауыл жанындағы «Красная заря» колхозының картоп еккен орнында қалған-құтқан түйнек болса теріп келейін деп жиналып жатқанда інісі: «Әкпе, не де болса жейтін бірдеңе тауып қайт, әйтпесе өзіңді сойып жейміз» дейді. Әкпесі түске таман бос қайтып келіп:

— Қарағым-ай, жұрт түк қоймаған екен, ештеңе де таба алмадым, — деп қинала айтады. Сонда інісінің көзі қарауытып, ақыл-есінен айырылғандай болып:

— Ендеше өзіңді соямыз, — дейді.

— Қарағым, сенің жаның қалса болғаны, сенің жолыңа мен құрбан,

— деп әкпесі бұрыла бергенде, пештің жанында пышақ қайрап отырған ұры әйелді пышақпен тамағынан тартып жібереді де, өлген әйелдің екі жақ сан етін кесіп алып, үй иесі екеуі асып жейді.

— Қалған еті қайда?

– дегенімізде жігіт:

— Ұры қорада құлаған жабындының астына тастадым деген, — деді.

Қораға барып жабындының астын ашып қарағанымызда, екі сан еті кесілген орта жастардағы әйелдің денесі жатқанын көрдік. Содан соң ауылкеңес ағасы ауыл адамдарын жинап, өлікті көмдірді…

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow