«Артына қарамастан зытты»: Желіде қашып бара жатқан прокурордың видеосы тарады

Сәуір 9, 2024 - 14:41
Сәуір 9, 2024 - 14:45
«Артына қарамастан зытты»: Желіде қашып бара жатқан прокурордың видеосы тарады

Әлеуметтік желіде блогерден қашқан прокурордың видеосы тарады. Бейнежазба Қонаев қаласында түсірілген.

Stan.kz  сайтының жазуынша, блогерлерге прокуратураның екі қызметкерінің темекі шегіп, күлін жерге сілкіп тұрғаны ұнамаған. Артынша қызметкерлердің бірі ғимаратқа кіріп, екіншісі алды артына қарамай қашқан.

Блогерлер прокурорды күліп жүріп түсірген. 

"Бір қызметкердің әрекеті бүкіл органның немесе ұйымның беделіне айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін", - делінген видеоның сипаттамасында.

Видеоға қатысты қазақстандықтардың пікірі екіге бөлінді.

"Қоғамдық орында темекі бұйымдарын пайдаланғаны үшін 27 600 теңге айыппұл салынуы керек. Неліктен қарапайым халық жасамаған тірлігі үшін штарф төлеуі керек?", "Жігіттер басқа істейтін тірліктерің жоқ па? Неге артынан сонша қудыңдар? Неге мазақ етіп отырсыңдар? Жігіт жәй ғана темекі тартты, ешкімді өлтірмеді. Өзін масқара етпес үшін тығылып қалғысы келген сияқты. Ал сіздерде істейтін басқа тірлік жоқ па?", "Бейне авторы мен кадрлардың рас өтірігін тексеру керек. Мүмкін блогер жақсылап тұрып өңдеген шығар", - деп жазды желі қолданушылары. 

Желіде тараған видеоға қатысты Алматы облысының прокуратурасы мәлімдеме жасады.

"Қазіргі уақытта видеоға қатысы бар адамдардың барлығы анықталып, этикалық және басқа да құқық бұзушылықтар бар-жоғы тексеріліп, сарапталып жатыр. Тексеру нәтижелері бойынша прокурорлар мен басқа да тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", - деп хабарлады облыстық прокуратура.

Қадағалау органы тұрғындардан мерзімінен бұрын шешім қабылдамай, тексеру нәтижесін күтуді сұрады.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow