«Олимпиадаға 660 миллион доллар жұмсалды деген ақпарат шындыққа жанаспайды» - Ербол Мырзабосынов
Қазақстанның республикалық бюджеттен спортқа бөлген қаржысы – 61,3 миллиард теңге. Бұл – шамамен 128 миллион АҚШ долларына тең.
Париж Олимпиадасы аяқталғалы бері спорттың басы-қасында жүрген білікті сарапшылар мен бапкерлер, спорт журналистері, тіпті кірпік қақпай тамашалаған жанкүйерлер де келесі циклде көрсеткішті бұрынғыдан жақсарту қажет екенін жарыса жазып жүр. Осы орайда көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов жауап берді, деп хабарлайды sadaqmedia.kz ақпарат порталы.
Министрлік өкілдері төрткүл дүние көз тігетін сайысқа спортшыларды баптауға 980 миллион теңге бөлінгенін мәлімдеген. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде ел спортына бөлінген қаражаттың Өзбекстанмен салыстырғанда тым көп бөлінгені жайлы айтылып жүр. Ербол Мырзабосынов бұл деректің қайдан шыққанын түсіндірді.
"980 миллион теңге – Олимпиадаға қатысатын спортшылардың дайындық жұмыстарына бөлінген қаражат. Оның ішіне оқу-жаттығу жиындары, лицензиялық турнирлер мен халықаралық жарыстарға қатысуы қамтылған. Дәрі-дәрмектері, жаттығуға арналған құрал-жабдықтары тағы бар.
Әлеуметтік желіде Өзбекстанның Олимпиадаға жұмсаған қаржысы деп көрсетілген 160 миллион доллар – негізінен олардың республикалық бюджеттен спортқа бөлген сомасы. Ал 2023 жылы Қазақстанның республикалық бюджеттен спортқа бөлген қаржысы – 61,3 миллиард теңге. Бұл – шамамен 128 миллион АҚШ долларына тең. Сондықтан осы ретте әлеуметтік желілерде «660 миллион доллар» деп көрсетілген цифр шындыққа жанаспайтынын және бұл қоғамды шатастыратынын айта кетейін. Аталған сома спортшылардың барлық қажеттілігін, оның ішінде олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлері мен ұлттық спортқа бөлінген", - деп атап өтті ол БАҚ құралдарының біріне берген сұқбатында.
Сіздің реакцияңыз қандай?