Құтқарушылардан көңілі қалған Майқайың тұрғындары көріпкелдің көмегіне жүгіне бастады
Желіде оқиға орнына Айгүл есімді көріпкел жүр деген ақпарат тарап жатыр.
Автобуспен бірге жер астына түсіп кеткен құтқарушыларды іздеу үшін Майқайың тұрғындары көріпкелдің көмегіне жүгіне бастаған, деп хабарлайды sadaqmedia.kz
Желіде оқиға орнына Айгүл есімді көріпкел жүр деген ақпарат тарап жатыр. Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бұл деректі растады. Айтуларынша, көріпкелді табылмай жатқан азаматтардың туыстары шақыртқан.
"ТЖ жөніндегі департаментінің бұл көріпкелдің келуіне ешқандай қатысы жоқ, қайғылы оқиға орнына ізделіп жатқан құтқарушылардың туыстары шақыртқан. Олардың бұл әрекетіне ешқандай ведомство кедергі келтіре алмайды. Көріпкел әйел туыстарымен бірге, ойықтан қауіпсіз арақашықтықта тұрды. Құтқарушылар жүргізіп жатқан іздестіру-құтқару жұмыстарына жақындаған жоқ. Төтенше жағдай мамандары мен өзге де мамандар нұсқаулыққа сәйкес жұмыс істеп жатыр. Жұмыста топырақтың қозғалуын сканерлейтін техника, геологиялық сканер және металл іздегіш қолданылуда. Сондай-ақ ойықтың түбінде кинологиялық топ іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Жұмыс бағытымыз арнайы аспаптардың көрсеткіштері негізінде түзетіліп отырады", -деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Майқайыңалтын аумағында құтқарушылар әлі қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатыр. Ойық түбіне түсірілген екі шағын экскаватор жер қазу жұмыстарын атқаруда.
Бұған дейін ойық астындағы топырақтан автобустың шанағы мен құтқарушылардың сөмкесі және өзге де заттар табылды.
Сіздің реакцияңыз қандай?