Қазақстан мен Франция президенттері Астанада қандай мәселелерді талқылайды
Бүгін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға Франция президенті Эмманюэль Макрон келді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Тоқаев пен Макрон сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту сияқты күн тәртібіндегі бірнеше мәселені талқылайды, деп жазады sadaqmedia.kz.
Осы кездесу аясында Ақордаға жиналған шенеуніктер журналистердің сұрақтарына ішінара жауап беріп, сапарға қатысты қосымша мәліметтер айтып жатыр.
Мәселен, Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев екі тарап қандай мәселелерді қарауға дайын деген сұраққа жауап берді. Айта кетейік, журналистердің Сәтқалиевті сөзге тартуында негіз бар, өйткені, сарапшылар Эмманюэль Макронның Қазақстанға келудегі негізгі мақсаты – Францияның атом станцияларына Қазақстанның уранын алу деген пікір білдіріп жатыр.
«Қазақстан және Франция президенттері біріншіден TotalEnergies компаниясымен қуаты 1 гигаватт болатын жел станциясының құрылысы туралы келісім жасау мәселесін талқылайды. Екінші мәселе – Францияның IDF компаниясымен ынтымақтастық орнату мәселесі», - деді Сәтқалиев журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Бірақ Энергетика министрі «Францияның атом станцияларына Қазақстанның уранын тарту мәселесі талқылана ма» деген сұраққа нақты жауап берген жоқ.
Сіздің реакцияңыз қандай?