«Әнаруды есірткіге тәуелді еткен»: Адвокат Жанқош жайлы жаға ұстатар жайтты баяндады

Қазан 30, 2024 - 12:41
Қазан 30, 2024 - 12:42
«Әнаруды есірткіге тәуелді еткен»: Адвокат Жанқош жайлы жаға ұстатар жайтты баяндады
Фото: ашық дереккөз

Әнару Құрманәлінің адвокаты Ләззат Ахатова кәсіпқой боксшыға ауыр айыптар тақты. Жаңқош Тұраровқа қатысты қылмыстық істің қысқартылып қалғанымен заңгер де, Әнару да келіспейді. Енді жәбірленуші тарап істі қысқартқан тергеушілердің үстінен де, боксшының әйеліне қатысты да арызданбақ, деп хабарлайды Sadаqmedia.kz ақпарат порталы.

Ахатова тергеу органдарының заңсыз әрекеттерін ашып жазды.

«Істі бізге айтпай, заңсыз қысқартқанын екі күн бұрын, қоймай жүріп білдік. Енді тергеу органы бізді сотқа шағымданбасын деп, қаулыны бермей отыр! Ол қаулыға шағымданатын құқығымыз бар! Қайта жаңғыртуға құқығымыз бар. Солай жасаймыз да. Тиісті органдардың бәріне шағымданамыз. Полиция істі заңсыз қысқартса, неге оны түпкілікті шешім деп ойлайды, кей кісілер? Ол шешімдеріне  шағым келтіру құқығы бар емес пе? Сот бар, прокуратура бар. Иә, Жанқош Тұраровтың “крышасы” туралы, тергеудегі өрескел заңсыздықтар туралы іс қозғалған сәтте жазған едік. Күдігіміз расталды. Полиция бұған дейін де Тұраровтың  бірнеше  ісін  қысқартқан екен. Олар басынан -ақ істі жауып тастауға, Әнарудың аузын жауып тастауға барынша күш салған болатын», — деп жазды Ләззат Ахатова.

Оның сөзінше, осыған дейін тергеу құпиясына кедергі келтірмес үшін көп дүниені жазбай келген.  Баспасөз конференциясын да өткізбей, сұқбат та бермеген.

«Басында қоғам қыздың әрекетін түсінбей, Әнаруды кінәлап кеткен соң, полицияның ұрып-соққаны туралы, боксердың  әйелі жалған ақпар таратып, “түнде звондайды” деп, жариялаған соң, түсіндіру мақсатында біраз жазғанымды білесіздер. Шет жағасын ғана. Ақыры тергеудің өзі осылай заңды белден басып отырса, мән-жайды ашық айтайын:

 Әнару ешкімге жала жапқан жоқ! Оны Тұраров о баста алдап, құрығына түсіріп, есін білмей жатқанда зорлап, алты жыл бопсалап келген! Туыстарына, таныстарына абыройсыз болудан қорыққандықтан, қыз бала амалсыз оның дегеніне көніп келген.

Ең сорақысы — осы уақытқа дейін айтылмай келе жатқан ақиқат — Тұраров өзі мефедрон қолданғанымен қоймай(оның есірткіге әуес екенін таныстары түгел біледі екен) Әнаруды да мефедронға тәуелді етіп қойған! Бұл туралы  арыз бергенде де, беттестіру кезінде де, жауап алу кезінде де Әнару айтқан. Іс материалдарында ол деректер бар. Алайда тергеу органы сол кезде екеуінің де қандарын тексеруге сараптамаға жіберу керек еді. Оны жасамаған! Яғни тергеу органы қылмысты жасырған! Соның салдарынан екі ай өткен соң, біз есірткі туралы зерттеуді талап етіп, арызданып, қоймағасын, Тұраров жақында “қанында есірткі жоқ” деген анықтама апарып беріпті) Тамызда қолданған есірткі қаннан қазан айында дейін әрине көрінбейді. Өйткені, сарапшылардың айтуынша, екі күннен кейін де қаннан көрінбейтін қымбат түрлері бар екен, мефтың», — деді заңгер.

Оның пікірінше, полиция Қылмыстық Кодекстің 120-бабы емес, 121-бабымен іс қозғау керек еді. Ол баптың жазасы ауырлау. Дәлелдеу — бөлек әңгіме, арызда анық жазылған нәрсені бұрмалап, істі әдейі жеңілдеу баппен қозғаған. Содан кейін, сараптаманы бірнеше күннен кейін ғана тағайындаған. Сонымен қатар, сараптаманы проктолог дәрігердің қатысуынсыз жасаған! Яғни сыртын ғана тексеріп, ішін тексермеген. Ол да қылмысты жасыру деп есептеледі!

«Тәуелсіз сарапшы Тахир Халимназаровтың айтуынша, уақыт өткен сайын, жара жазыла бастайды да, зорлық белгісін анықтау қиынға соғады..Тергеу органының әрекеті де осындай нәтиже болу үшін болуға әдейі жасалғанға ұқсайды. Мен арыз 20 күн кейін бардым. Соған дейін Әнарудың қорғаушысы, құқықтық бағыт көрсететін адам болмаған. Соны пайдаланып, боксердың қылмысын жасыру мақсатында талай заңсыздық жасалған. Сараптама қорытындысымен Әнарудың бірнеше дене жарақаттарының болғаны расталып  отыр. Кеш барса да, сол кезде күшпен түсірген жарақаттары кетпеген екен. Бұлар зорлық белгісі емей, немене сонда? Бізге тергеу органы істі қысқарту туралы Қаулыны берген жоқ! Таныстырған да жоқ! Яғни қылмыстық заң нормаларын белден басып отыр. Солай бола тұра, қысқарттық деп, кінәсі дәлелденбеді деп, сайттарға ақпарат беріп отыр. Жәбірленуші тараптың іспен танысу, шағым беру құқығы қайда қалды, сонда?! Мына заңсыздықтар қашанға дейін жалғасады?!», — деді жәбірленушінің қорғаушысы.

Заңгер Бас Прокуратура мен сотқа тергеушілердің үстінен шағым түсірмек. Онымен қоса, жаңа баптармен тағы да арыз жазылады. Тергеу органының үстінен Қылмыстық Кодекстің 433-бабымен, яғни қылмысты қасақана жасыру бойынша арыз жазып, Жанқош Тұраровтың әйелінің үстінен БАҚ беттерінде жалған ақпарат таратып, адамның ар-намысына нұқсан келтіргені үшін де арыз жазатындарын мәлімдеді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow