«Қазпошта» үстіне шатыр құлап, мүгедек болып қалған әйелге 18,5 миллион теңге төлейтін болды

Қараша 21, 2024 - 10:44
Қараша 21, 2024 - 13:39
«Қазпошта» үстіне шатыр құлап, мүгедек болып қалған әйелге 18,5 миллион теңге төлейтін болды

Жамбыл облысында "Қазпошта" АҚ ғимаратының шатыры құлап, мүгедек болып қалған әйелге компания 18,5 миллион теңге өтемақы төлейтін болды. 

Сот мәліметінше, 2023 жылдың көктемінде Жамбыл ауданы Аса ауылында қатты жел "Қазпошта" АҚ филиалы ғимаратының шатырын жұлып әкетіп, әйелдің үстіне құлаған. Зардап шегуші шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылған. Әйел ауыр жарақат салдарынан 1 топтағы мүгедек болып қалған.

Акционерлік қоғамның Жамбылдағы филиалы жәбірленушінің қызының өтінішіне жауап беріп, оған 7 миллион теңге көлемінде көмек көрсеткен. Дегенмен бұл қаржы шетелде емделуге және оңалтуға кеткен шығындарды өтей алмаған.

Сондықтан жәбірленуші денсаулыққа келтірілген зиян мен моральдық зиянды өтеуді сұрап сотқа жүгінген.

Сотта компания өкілі 2021-2022 жылы құлаған шатырға жөндеу жүргізілгенімен, оны нақты кімнің жүргізгенін дәлелдей алмады, сондықтан "Қазпоштаның" өзі айыпты ретінде танылды.

"Сот акционерлік қауымдастық объектінің қауіпсіздігі мен пайдалануының тиісті деңгейін қамтамасыз етпеді деген қорытындыға келді, себебі компания ғимаратты күтіп ұстауға және шатырдың күрделі жөндеу жұмыстарын бақылауға жауапты", – делінген хабарламада. 

Осыған байланысты сот шешімімен "Қазпошта" зардап шеккен әйелге 18,5 миллион теңге шығын өтеуі тиіс. Оның 8,5 миллион теңгесі материалдық, 10 миллион теңгесі моральдық зиян ретінде танылды. 

stan.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow