«Украинаның кебін кигісі келмесе, бізден алыстамасын!»: тағы бір орыс саясаткері Қазақстанға доқ көрсетті

Мамыр 30, 2024 - 10:40
Мамыр 30, 2024 - 10:41
«Украинаның кебін кигісі келмесе, бізден алыстамасын!»: тағы бір орыс саясаткері Қазақстанға доқ көрсетті
lrt.lt

Әуелі Қызыл империяның, одан кейін реваншистік Путин империясының сойылын соққан «Комсомольская правда» медиахолдингі 99 жасқа толыпты. Осы 99 жасын тойлауды Ресей медиа идеологиясы Орта Азия мен Қазақстанға соқтығудан бастаған екен. Енді егжей-тегжейлі жазайық...

Әлгінде президент Зеленскийдің ОА БАҚ-тарын жинап, сұхбат құрып, сол сөйлесуде: «Сендер орыс насихатын жеңе алмайсыңдар. Себебі өз мемлекеттерің қарсы соққы беру үшін тап Ресейдегідей сендерге қаржы бөлмейді», - дегені осы орайда еске түсіп отыр...

«Комсомольская правда» медиахолдингіне қарайтын «КП» радиосының тілшісі  Владимир Ворсобин Мемлекеттік Думаның вице-спикері Петр Олегович Толстойдан сұхбат алған. Нәсілшілдік дертімен әбден уланған журналист те, аузы көпіріп сөйлеген вице-спикер де Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға қарата үркітіп-қорқытып, біраз көсіліпті. Біздің географиялық аумақтың тілі мен дініне, діліне қатысты қаһарлана сөйлеп, осы елдегі орыстар санның азаюына қабырғалары қайыса біраз нәрсені көйітіпті.

ТОЛСТОЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ХАЛҚЫН – «ТӘРБИЕСІЗ ЧУРКАЛАР» ДЕП АТАДЫ

Сөз арасында: «РФ Ішкі істер министрі Колокольцевтің қолға алғалы жатқан миграциялық реформасы «тәлім-тәрибесіз чуркаларды» тәубесіне бір келтіреді», - деп масатанып алады.

Толстойғдің сөзінше, көшіп-қонушылардың орыс тілінен емтихан тапсыруын қатаң қадағалау керек. сол үшін Рособрнадзорға ерекше полицейлік құқық берілуі керек-мыс.

Ресейге еңбек күші ретінде барып жатқан тәжік, қырғыз бен өзбектің көп балалығы вице-спикерді қатты шошындырыпты. «Орыстың ақшасы солардың қалтасында кетуде», - деген Толстой: «Азаматтық туралы заң мен Көші-қон туралы заңдарды қатайтпаса болмайды», - деді қатуланып тұрып.

Толстой сөзін жалғап: «Менің ойымша, біздің «арнайы әскери операциядағы» (Украинаға қарсы соғыс) жеңісімізден кейін бұл мәселеде тәртіп орнатуға тура келеді, бірақ үкімет қазірдің өзінде мигранттарға қатысты толық және жалпыға ортақ биометрия, яғни тіркеуге қатысты ұсынымызды қабыл алды», - дейді.

Аңдысақ вице-спикердің айтпағы мынау екен: «ОА-лық еңбек мигранттары! Сіздер Ресейге келгенде сақалдарыңызды қырып, шапандарыңды қапқа салып, біздің заңдарымызды сақтаңыз!»  дейді.

ӨЗ ӨТІРІГІНЕ ӨЗІ СЕНГЕН ТОЛСТОЙ: УКРАИНА ХАЛҚЫ БІЗГЕ ҚҰШАҚ АШАДЫ!

Толстой бір уақта Украинадағы соғыс тақырыбына да тоқталып, ауызы көпіргенше сөйлейді. Сөйлегенде бүйдейді: «Келіссөз үстеліне отыру Ресей үшін де, Владимир Владимирович Путин үшін де капитуляция емес! Келіссөз болса, Ресейдің шарты бойынша түсіністіке келуге болады... Ал оңбаған Батыс Ресей активтерін тәркілеп, азаматтарының жеке шоттарын бұғаттап отырғаны жанға батады».

Толстойдың сөзінше Украинаның басым көпшілігі Ресей Армиясы мен билігін құшақ жая қарсы алуға әден дайын екен. Әрі дайын еместері де бірте-бірте бұған көндігеді-мыс. Өйткені, оңбаған большевиктер орыс тілінде сөйлегендерді украинға айналдырып, дүниені бала-матам етіп кеткен екен.

«Егер Ресей Федерациясы Украина азаматтарына қатысты өзінің ниетінің маңыздылығын іс жүзінде дәлелдесе, олардың Ресейге деген көзқарас да өзгереді», - деп соқты әлгі Толстой.

Онан әрі: «Львовтың тілі бір бөлек, Суманың тілі бір бөлек. Тұтас Украин тілі деген жоқ», - деп айды аспанға шығарған филолог-саясаткер өз өтірігіне өзі сенген жанға айналды.

ҚАЗАҚСТАН УКРАИНАНЫҢ КЕБІН КИГІСІ КЕЛМЕСЕ, БІЗБЕН АЛШАҚТАМАСЫН!

Бұл Толстой ентігіп-жентігіп, сөйлеп келіп, ақырында Қазақстанға соқтығады. «Қазақстан Украинаның кебін кигісі келмесе Ресейден алыстамауы тиіс», - дейді. «Алматы – біздің казактар салған бекініс-қала. Соны ұмытпаңдар», - деп доқ көрсетеді. Қараңыз, біз Толтойдың оттауын мағанасына жуықтатып аударып, оқырмандарымызға ұсынып отырмыз:

«Украина тақырыбын жабсақ, онда бізді Қазақстанмен, Армениямен және Қазақстанның маңындағы басқа да елдермен проблемалар күтіп тұр. Қазақстанда орын алып жатқан оқиғаларға назар аударсаңыздар, онда латын әліпбиіне көшу туралы, Тәуелсіздік туралы, Ұлттық мифологияны қайта құру туралы дүниенің төңкеріліп жатқанына көз жеткіземіз.

Менің неге қарсы екенімді ұғыныңыз! Олар: «Сендерге қалаларыңды орыстар салып берген», - деген Павлодарлық орыс мұғалиманы кешірім сұрауға мәжбүрледі.  Онда олар Алматының біздің казактардың Верный бекінісі екенін білуі тиіс! Тап осы тарих ұлттық сана-сезім үшін аса қажет! Ал Ресейден ірге ажырату үшін тарихты ойдан шығарудың керегі жоқ!

Егер де барлық жеріңді Қытайға сатып, жердегі қазба байлығының кілтін ағылшындарға ұстатсаң да, жақын көршіңмен тату-тәтті болуға тиіссің! Егер бұл шектен атап кетсең болды, онда Украина қателігіне ұрынасың!

Құдай төбемізден ұрып, жеңіліп қалатын болсақ, онда қазақтар бізді арттарына да қыстырмайтын болады», - деп өз ойын ашық айтуының өзі көп дүниені аңғартады! 

Бұл сөздер әуелі жаңа имперлік реваншизмінің Ресей қоғамы мен саяси басшылығы арасында қарқын алып бара жатқанын көрсетеді. Украинадағы соғыс ерте ме, кеш пе, түбі аяқталады. Ал онан соң бос қалған орыс қаруы қазаққа кезеліп қалуы да ғажап емес. Қазақ, жау жоқ деме, жар астында дегенді тектен-тек айтпаса керек! Сондықтан, Қазақстан Үкіметі, қазақ билігі әл-әзірден қамданып, әскерді қуаттандыруы керек!

ЕСКЕРТУ: Қазір Петр Толстойдың бұл дау шақырған сұхбаты «Радио Комсомольская правда» сайтында ашылмай тұр. 

1717001215530115.jpg

Алайда Google іздеу жүйесінде: «Армия россии дойдет до границ Польши, а мы выпьем кофе на Крещатике» деген тақырыппен сұхбат сілтемесі көрсетіледі.

1717001296769704.jpg

Десе де мақаланың Қазақстанға қатысты айтылған үзіндісі әлеуметтік желілерге тарауда: 

1717001364812354.jpg

Mezgil.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow