Израиль әуе күштерінің соққысынан Ливанда 500-ге жуық адам көз жұмды
Олардың жүзге жуығы әйелдер мен балалар.
Өткен тәулікте Израиль әуе күштері Ливанның оңтүстігіне бомба жаудырды. Бейруттегі денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кемінде 492 адам қаза тауып, 1645-і жараланған. Мерт болғандардың ішінде 35 бала мен ондаған әйел бар. Ливанда 1975-1990 жылдардағы азаматтық соғыстан бері бір күнде мұнша көп тұрғын қырылған емес.
Мыңдаған адам үйлерін тастап кетті. Қарттар, ерлер, әйелдер, балалар жеңіл автомобильдермен, жүк машиналарымен, пикаптармен тұрақты жерлерінен солтүстікке қарай бас сауғалап жатыр. Кейбіреулер бала-шағасымен жаяу қашуға мәжбүр.
Ливан үкіметі мәлімдегендей, мектептер мен өзге де объектілерде 26 мыңдай босқын қабылдайтын орын әзірленіп жатыр.
Операция басталғаннан кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху эфирге шығып, ливандықтарды "Хезболла" қарулы қозғалысының позициялары орналасқан аудандардан аулақ болуға шақырды.
"Израиль сіздермен емес, "Хезболламен" соғысып жатыр. "Хезболла" сіздерді адами қалған ретінде пайдаланып отыр", - дейді Израиль үкіметінің жетекшісі видеоүндеуінде.
Сауд Арабиясы тараптарды ұстамдылыққа шақырды. Ал Америка Құрама Штаттары Израиль мен "Хезболла" арасындағы шекара-аралық эскалацияны қолдамайтынын ескертіп, аймақтағы жанжал кең ауқымды соғысқа ұласып кетпеуі үшін серіктестерімен, одақтастарымен "нақты идеяларды" талқылап жатқанын атап өтті.
Израиль болса, Ливандағы нысандарға соққы беріп, Иранға арқа сүйеген "Хезболланы" шиеленісті дипломатиялық жолмен тоқтатуға мәжбүрдеуді көздейтінін мәлімдеп отыр.
Былтыр Газада соғыс басталғаннан кейін ираншыл "Хезболла" өзі сияқты Тегеранмен одақтас "Хамас" қозғалысын қолдау мақсатында Израильдің солтүстігіне зымыран жаудыруға кірісті. Сол шабуылды тоқтату үшін Израиль қазір назарын теріскейке бұрып жатыр.
Айта кетсек, Газа секторында Израильдің шабуылдарынан жан тәсілім еткендердің саны 41 жарым мыңға жуықтап қалды.
Израиль қорғаныс министрі Йоав Галанттың дерегінше, "Хезболланың" шабуылдарынан қорғау үшін еврей мемлекеті өзінің теріскейінен 60 мыңдай бейбіт тұрғынды көшірген. Және де Галант сол халық үйлеріне оралғанша, "Хезболлаға" қарсы операциялардың тоқтамайтынын ескертті.
ЦАХАЛ-дың контр-адмиралы Даниэль Хагаридің сөзінше, хезболллалықтар өз қаруын "ауылдарға, бейбіт адамдардың үйлеріне орналастырып, Израиль халқына шабуыл жасап, ливандықтарды да қауіпке душар етіп жатыр".
Тағы бір сөзінде Хагари хезболлалықтардың Газада соғыс басталғалы, Израильге 9 мыңдай ракета атқанын, соның 250-і дүйсенбіде жіберілгенін хабарлады.
Алайда, "Хезболла" бұл мәлімдемеге қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ. Дегенмен, бұған дейін шииттік қозғалыс өзінің әскери инфрақұрылымын ауылдарға жақындатпағанын бірнеше рет айтқан еді.
Иран президенті Масуд Пезешкиан Нью-Йоркке сапарында мәлімдеме жасап, Израиль Таяу Шығысты тұтастай соғысқа киліктіру үшін Иранды "Израиль-Хезболла" әскери жанжалына тартуға әрекеттеніп жатыр.
inbusiness.kz
Сіздің реакцияңыз қандай?