Ауған әйелдері жаңа заңға ән арқылы қарсылық білдіріп жатыр (видео)

Қыркүйек 3, 2024 - 20:52
Қыркүйек 3, 2024 - 21:04
Ауған әйелдері жаңа заңға ән арқылы қарсылық білдіріп жатыр (видео)

Ауған әйелдері «Талибан» қозғалысының ер адамның көзінше сөйлеуге тыйым салатын жаңа заңына наразылық білдіріп жатыр. Олар қарсылық ретінде өз түрлерін көрсетіп, ән айтқанын видеоға түсіріп, желіге жүктеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бірнеше апта бұрын Ауғанстанда тәліптер «жамандықпен күресуге және ізгілікті насихаттауға» бағытталған жаңа заңдар қабылдады. Жаңа заң бойынша, әйелдің қоғамдық орындарда дауыс шығарып сөйлеуі «әдепсіздік» деп танылады. Әйелдерге қоғамдық орындарда немесе үйде дауыстап ән айтуға және оқуға болмайды.

Тағы оқыңыз: «Әйелдің саусақтары көрінсе, оны таяқтың астына алу керек»: Ауғанстан әйелдеріне толыққанды шариғи тыйымдар салынды

Сонымен қатар әйелдер ерлерді еліктіріп, азғындамасы үшін денесі мен бетін толық жабуы керек. Сондай-ақ туысқандығы жоқ еркектерге қарамауы талап етіледі.

Жаңа заңға сәйкес, Мохтасабин немесе Талибан моральдық полициясы заңның орындалуын қадағалайды. Тәртіп бұзғандар «нұсқау мен құдайдың жазасымен қорқытудан» бастап айыппұл төлеуге және мемлекеттік түрмеге үш тәулікке қамалуы мүмкін. 

Әйелдерді қоғамдық өмірден алшақтататын «Талибан» қозғалысының жаңа заңына наразылық ретінде, ауған әйелдері ән орындап жатқанын видеоға түсіріп, желіге жариялай бастады. Видеоларды #МеніңДауысымаТыйымСалынбаған және #ТалибанғаЖоқде хэштегтері арқылы табуға болады.

«Ескерту жасап, аузыма тыныштық мөрін бастыңыз. Одан кейін маған су мен нан бермей қойдыңыз. Мені әйел деп үйге қамап тастадыңыз», – деп әндетеді ауған әйелдерінің бірі. 

Ауған әйелдері жеке және топ болып ән шырқайды. Олардың көпшілігі бетін камераға көрсеткен.

Жаңа заңды Біріккен Ұлттар ұйымының Ауғанстандағы өкілі айыптады.

«Бұл болашақ Ауғанстанның қайғылы бейнесі», – деді өкіл. 

Ауғанстандық заңгерлер қауымдастығының президенті де жаңа заңға қарсы шықты.

«Бұл құжат Исламның негізгі принциптеріне қайшы келеді. Ізгілікті насихаттау ешқашан күшпен, мәжбүрлеумен жасалмайды», – деді ол. 

Айта кетейік, Талибан Ауғанстандағы билікті 2021 жылы тамызда басып алған. ЮНЕСКО есебіне сәйкес, жаңа үкімет 1,4 миллион қыздың орта мектепке бару құқығынан бас тартқанын көрсеткен.

Еске салайық, бұған дейін Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысы «жамандықты жоюға» бағытталған жаңа заңдар қабылдаған еді. Соның ішінде енді әйелдерге көпшілік алдында даусын шығаруға, яғни ер адамның көзінше сөйлеуге тыйым салынған. 

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow