«Інім әке-шешесінің қиналып өлгенін көріп жатты»: Ата-анасы мен бауырынан айырылған қазақстандық қыз әділдікті талап етті
Солтүстік Қазақстан облысында бір күнде отбасынан айырылған Татьяна Приходченко әділдікті талап етіп, ата-анасы мен інісін айуандықпен өлтіргендерді жазалауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2023 жылы 23 желтоқсанда Петропавл қаласының Жұмысшылар ауылында жерлеу қызметін көрсететін Приходченколар отбасына қастандық жасалып, айуандықпен өлтірілді. Үш адамды өлтірді деген күдікпен екі ер адам ұсталды. Көп ұзамай полицейлер жерлеу рәсімін жасайтын ірі компания директорының орынбасарын да ұстады.
Жақындарынан айырылған Татьяна Приходченко желіде видеоүндеу жолдады.
“Тергеу мен прокуроратура барлық күдіктілерді дұрыс айыптады деп есептеймін. Сотта олардың кінәсін растайтын дәлелдер жеткілікті болды. Бірақ тек жанама және бір-біріне қайшы келетін дәлелдер негізінде сот арандатушы әйелді ақтап жіберді", – деді бойжеткен.
Ол қайғылы күнді еске алады. Сөзінше, әкесі өмірінің соңына дейін күрескен, қолдары тілімделген.
"Анам күйеуінің өз қанына батып жатқанын көріп, оған көмектескісі келді, бірақ ұстап алып, арандатушыға тиесілі тендерлік құжаттардың қайда екенін айтуды талап етті. Содан кейін анамның көзін жауып, әкемді аяусыз өлтірді. Менің 17 жастағы інім қозғала алмай, бірнеше сағат бойы қиналып өлді және әке-шешесін қалай өлтіріп жатқанын көріп жатты. Осындай айуандық үшін адам өлтірген адамға 21 жыл берілді, ал арандатушыға үш жыл ғана берілді, оның бір жарымын ол тергеу изоляторында өтеп тастады”, – деді Татьяна.
Жәбірленуші кінәлілерге жеңіл жаза берілді деп санайды.
"Бишімбаевтың ісі бойынша қылмысты жасырғанға 4 жыл, Денис Тенді жасырғаны үшін төрт жыл берілді. Арандатушы бәсекелес болған компания басшысын ғана емес, оның әйелі мен кәмелетке толмаған баласын да өлтіргенін біле тұра, түк болмағандай жүрді. Егер қатысы болмаса, бірден хабарлар еді”, – деді қыз.
Татьяна Приходченко үкімді қайта қарауды сұрайды.
"Осындай қатыгездікпен менің отбасымды қасақана өлтіргендер қоғам арасында бостандықта жүруге құқығы жоқ, мен әділдік үшін күресуге тырысамын", – деді Приходченко.
28 қазанда сот бір айыпталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру, екінші айыпталушыны 21 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сотталушы әйел үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны қылмысты хабаламағаны үшін соттады, арандатушылыққа кінәлі екені дәлелденбеді деді.
“Азамат Е өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына, О 21 жыл 8 айға және С 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Облыстық прокуратура О мен С-ға тағайындалған үкіммен келіспеді. Осыған байланысты 12 қарашада апелляциялық шағым облыстық сотқа жіберілді", – делінген Солтүстік Қазақстан прокуратурасының хабарламасында.
Сіздің реакцияңыз қандай?